«21 ғасыр көшбасшысы» конкурсының республикалық кезеңіне жолдама алған Бақытжан Ержанға және 7-8 сынып оқушыларына арналған пәндік олимпиадаға қатысушы Қасымбек Дильназға сәттілік тілеп, бөлім басшысы Абай Қасымұлы арнайы кездесу өткізді.
Кездесу барысында оқушыларға үлкен сенім білдіріліп, білім бәйгесінде жоғары нәтиже көрсетуіне тілектестік танытылды. Жастарға ел үмітін ақтап, биік белестерді бағындыруға жігер беретін жылы лебіздер айтылды.
Сонымен қатар бөлім басшысы Ы.Алтынсарин мектебінің директоры Айгүл Марқабайқызы және химия пәнінің мұғалімі Томирис Нығыметқызымен кездесіп, білім ордасының жетістіктері мен алдағы жоспарлары жөнінде пікір алмасты.
Жиналысқа әдістемелік кабинет меңгерушісінің м.а Бекзат Болатқызы да қатысып, оқушыларға әдістемелік тұрғыдан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Білім алушылардың сапалы дайындалуына барлық қажетті әдістемелік көмек берілетіні жеткізілді.
Осындай қолдау мен сенім – жас дарындардың үлкен жеңістерге жетуіне берік негіз болары сөзсіз.
Білім додасында тек биік белестер мен жарқын жеңістер тілейміз!


