2026 жылғы 24 сәуір күні Жангелдин ауданында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, дарынды ақын, журналист, публицист Кеңшілік Мырзабековтің 80 жылдығына арналған «Кеңшілік оқулары» шығармашылық жастар байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тағылымы мол рухани шара таңғы уақытта Торғай ауылының орталық зиратындағы ақынның мәңгілік мекеніне барып, құран бағыштаудан басталып, одан әрі Ахаң мен Жақаң музейіне тағзым етумен жалғасты. Негізгі іс-шара Нұрхан Ахметбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінде өтті.
Бұл тағылымды шара Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы және Қостанай облыстық өкілдігі, Қостанай облысы Жангелдин ауданы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, «Жангелдин ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі және Болат Хамзин атындағы өнер мектебінің бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді. Байқаудың басты мақсаты – мектеп оқушылары арасында Кеңшілік Мырзабековтің шығармаларын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың шығармашылық және эстетикалық қабілеттерін дамыту, ұлттық рухты оятып, қазақ поэзиясына деген сүйіспеншілікті арттыру болды.
Торғай төріне арнайы келген қадірлі қонақтардың қатарында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың ардакүрең ақыны Ғалым Жайлыбай, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұржан Қуантайұлы, ақынның ұлы, белгілі әдебиет сыншысы, «Айбоз» ұлттық сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы және жұбайы Ләззат Жүнісова, ақынның ұлы Мағжан Кеңшілікұлы, жерлесіміз, ақын Мұхарбек Жәкейұлы, ақындар Жәнібек Әлиман, Олжас Сәндібек қатысты. Бұл тұлғалардың келуі кештің рухани салмағын арттырып, жас талапкерлерге үлкен шабыт сыйлады.
Байқаудың ашылу салтанатында Жангелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Серікұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлы, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов атынан арнайы құттықтаулар жеткізілді. Ақынның ұрпағы атынан сөз алған Амангелді Кеңшілікұлы әке мұрасын ұлықтап жатқан ел азаматтарына алғысын білдіріп, жастарға ақ батасын берді.
Байқау екі бағыт бойынша өтті: «Қарлығаш дәурен» – ақын шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу және «Іңкәр дүние» – жас ақындардың төл туындыларын ұсынуы. Қатысушылар 5–11 сынып оқушылары арасынан іріктеліп, өз өнерлерін сахна төрінде жоғары деңгейде көрсетті. Байқаудың қазылар жас өнерпаздардың шығармашылығына әділ бағасын беріп, олардың поэзияға деген шынайы ықыласын жоғары бағалады
«Қарлығаш дәурен» номинациясы бойынша Міржақып Дулатов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Серікқызы Назерке Бас жүлдені иеленіп, Мырзабековтер әулеті атынан 200 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Аңсаған Қоңқабаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 7-сынып оқушысы Балтабай Айбат І орын алып, Ағытаевтар әулеті атынан 150 000 теңге жүлде табысталды. Н.Г.Иванов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 6-сынып оқушысы Қазымбек Зере ІІ орынды иеленіп, Өсеровтар әулеті атынан 120 000 теңге алды. Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің 5-сынып оқушысы Серік Перизат ІІІ орын алып, Әбіловтер әулеті атынан 100 000 теңге сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар бірнеше оқушыға 50 000 теңгеден ынталандыру сыйлықтары табысталды.
«Іңкәр дүние» жас ақындар номинациясы бойынша қатысқан жас талапкерлердің әрқайсысына 30 000 теңгеден ақшалай жүлде берілді. Бұл номинацияда жас ақындардың өз шығармалары жоғары бағаланып, олардың болашақта үлкен әдебиетке келер жолына сенім білдірілді.
Кеш барысында Нұрхан Ахметбеков атындағы Мәдениет үйінің әдіскері, көркемсөз шебері Қазым Батырлан Серікұлы Кеңшілік ақынның жырларын тебірене орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ Ғалым Жайлыбай бастаған ақындар жыр эстафетасын жалғастырып, Кеңшілік Мырзабековтің өлеңдерін оқып, рухани кештің мазмұнын тереңдете түсті.
«Кеңшілік оқулары» – жай ғана байқау емес, бұл – ұлт рухын ұлықтау, сөз өнеріне тағзым ету, жас ұрпақтың бойына поэзияға деген құрмет пен ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілікті сіңіру жолындағы үлкен рухани алаң болды. Осындай жалынды ұрпақ барда қазақ поэзиясының көкжиегі кеңейіп, рухани әлеміміз байи беретіні сөзсіз.


