02 Қырқ 2026
Жаңалықтар

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Жангелдин ауданы білім бөлімі мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Жыл үздіктері – 2026» атты мерекелік іс-шара өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – оқу жылы барысында білім, өнер және спорт салаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ауданымыздың мерейін облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде асқақтатқан дарынды оқушыларға құрмет көрсету. Мерекелік кеш барысында аудан мектептері, Өнер мектебі мен Спорт мектебінің 90-нан астам үздік оқушысы арнайы «Жыл үздігі – 2026» шеруімен сахна төріне көтерілді. Олардың қатарында пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарының, зияткерлік және шығармашылық байқаулардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Жас дарындарды мерекемен Жангелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Серікұлы Бидашев құттықтап, олардың жетістіктері ауданның ғана емес, тұтас елдің мақтанышы екенін атап өтіп, үздік оқушыларға ізгі тілегін білдірді. Мерекелік іс-шара аясында балалар арасында асфальтқа сурет салу байқауы, ұлттық және спорттық ойындар, түрлі танымдық әрі көңілді сайыстар ұйымдастырылды. Балалар өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытып, мерекелік бағдарламаларға белсенді қатысты. «Жыл үздіктері – 2026» құрмет кешіне қатысқан дарынды оқушылар үшін «Тұмар» мейрамханасында арнайы мерекелік дастарқан жайылып, фуршет ұйымдастырылды. Мерекенің жоғары деңгейде әрі қауіпсіз өтуіне аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен аудандық полиция бөлімі қызметкерлері елеулі үлес қосты. Сондай-ақ мереке барысында Еренбол Қайырбекұлы, Расул Болатұлы, Анар Мұратовна, Гүлмира Ұзаққызы, Айбек Қуанышбекұлы, Ерлік Қуанышұлы және Бағдат Қайсарұлының демеушілігімен 320 дана балмұздақ таратылып, бүлдіршіндерге ерекше қуаныш сыйлады. Іс-шараға қатысқан барлық балаларға естелік сыйлықтар табысталып, көтеріңкі көңіл-күй сыйланды. Балалардың шат күлкісі мен қуанышты жүздері мерекенің басты көрінісіне айналды. «Жыл үздіктері – 2026» құрмет кеші жас ұрпақтың білімге, өнерге және спортқа деген қызығушылығын арттырып, жаңа белестерді бағындыруға ынталандыратын тағылымды мерекеге айналды. Балалық шақтың жарқын бояуларын айшықтаған бұл мереке жас өрендердің жадында ұзақ сақталатын, қуаныш пен шаттыққа толы ерекше күн болды. Жангелдиннің жарқын жұлдыздарына айналған дарынды оқушыларымыздың жетістіктері арта берсін!

Пайдалы ақпараттық ресурстар