Жангелдин ауданында Астана қаласынан арнайы ұйымдастырылған педагогикалық турне аясында аудан педагогтеріне арналған тәжірибе алмасу кездесуі өтті. Ұлт руханиятының темірқазығы саналатын, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының ізі қалған қасиетті Жангелдин жерінде өткен бұл басқосу аудан педагогтері үшін мазмұнды кәсіби алаңға айналды. Кездесуге Астана қаласының педагогтері, шебер ұстаз, «Үздік педагог» Азимбаева Рахат Омашевна, шебер ұстаз, «Үздік педагог» Бекболатқызы Гүлжазира және жас маман Мамадиярова Гүлзира Батырханқызы қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Семинар барысында Бекболатқызы Гүлжазира педагогтің кәсіби даму траекториясын тиімді жоспарлау жолдары туралы, Азимбаева Рахат Омашевна Ыбырай Алтынсарин шығармалары мен STEM білім берудегі мұра мен инновация сабақтастығы жөнінде, ал Мамадиярова Гүлзира Батырханқызы «Біз де оқушы болғанбыз» жобасы аясында оқушымен жұмыстың заманауи тәсілдері туралы мазмұнды ойларын ортаға салды. Іс-шара аясында педагогтің кәсіби дамуы, авторлық жобалар, волонтерлік қызмет, оқушылардың өмірлік дағдыларын қалыптастыру, құндылыққа негізделген тәрбие мен нәтижеге бағытталған білім беру мәселелері талқыланды. Қатысушыларға тәжірибеде қолдануға болатын нақты әдістемелік бағыттар мен креативті идеялар ұсынылды. Мұндай мазмұнды кездесулер педагогтердің кәсіби байланысын нығайтып, тәжірибе алмасу мәдениетін дамытуға, білім беру сапасын арттыруға және шығармашылық ізденіске жаңа серпін беруге ықпал етеді. Жаңашыл форматтағы бұл жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
https://bb-dzhangeldi.edu.kz/janaliktar-basti-oral/9880-lt-rukhaniyatyny-temir-azy-y-sanalatyn.html#sigFreeId3176c731ef

