08 Қырқ 2026
Жаңалықтар

«QH Жаздық жолдама – 2026»

«QH Жаздық жолдама – 2026» республикалық қайырымдылық жобасы аясында Щучинск қаласындағы «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында Жангелдин ауданы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Жалғасбай Қарагөз Нұрлыбайқызы демалып, білімін жетілдіруде. Қарагөз – білім мен ізденісті серік еткен, оқу озаты әрі дарынды оқушы. Ол жалпы білім беретін пәндер бойынша 7–8-сынып оқушылары арасында өткен облыстық олимпиадада І орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Сонымен қатар, республикалық жалпы білім беретін пәндер олимпиадасында ІІ орын иеленіп, жоғары білім деңгейі мен жан-жақты дайындығын дәлелдеді. Оқудағы үздік жетістіктері мен белсенділігі үшін Қарагөз «QH Жаздық жолдама – 2026» жобасы аясында республикалық деңгейдегі үздік оқушыларға арналған сауықтыру-танымдық демалысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде ол «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында түрлі танымдық, шығармашылық, спорттық және тәрбиелік бағдарламаларға қатысып, еліміздің әр өңірінен келген дарынды құрдастарымен тәжірибе алмасуда. Жалғасбай Қарагөз Нұрлыбайқызына алдағы уақытта да білім мен ғылым жолында биік белестерді бағындырып, еліміздің мақтанышына айналуына тілектеспіз!

Пайдалы ақпараттық ресурстар