16 Қырқ 2026
Жаңалықтар

Жәрмеңкенің басты мақсаты — ауыл мектептеріндегі бос жұмыс орындарына білікті мамандарды тарту

Бүгін Жанкелдин ауданында ауыл мектептерін білікті мамандармен толықтыруға бағытталған маңызды шара — бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке Жанкелдин ауданының білім бөлімі мемлекеттік мекемесінің 2026 жылғы 24 шілдедегі №322 бұйрығына сәйкес өткізілді.
Жәрмеңкенің басты мақсаты — ауыл мектептеріндегі бос жұмыс орындарына білікті мамандарды тарту, жас мамандарға еңбек жолын ауылда бастауға мүмкіндік беру және білім саласындағы кадр тапшылығының алдын алу. Бүгінгі кездесудің нәтижесі де көңіл қуантты. Жәрмеңке барысында ағылшын тілі және география пәндерінің мамандары жұмысқа орналастырылды. Ал құқық негіздері пәнінің маманына жұмыс ұсынылды. Бұл — ұйымдастырылған шараның нақты нәтижесі әрі ауыл мектептеріне қажетті мамандарды тарту бағытындағы жұмыстың маңызын көрсетеді. Жәрмеңкеге қатысқан жас мамандармен кездесуде Жанкелдин ауданының білім бөлімінің басшысы Қасым Абай Қасымұлы мектеп директорларына жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселесіне ерекше назар аударуды қатаң тапсырды. Ол ауылға келіп, туған жерінде еңбек етуді таңдаған жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың кәсіби қалыптасуына қажетті жағдай жасау керектігін айтты. Ауылға келіп еңбек етемін деген ауыл баласына жол ашу — баршамызға ортақ міндет. Себебі ауыл мектебіне келген әрбір жас маман — білім сапасына қосылған жаңа күш, шәкіртке берілген жаңа мүмкіндік, ауылдың ертеңіне жасалған нақты инвестиция" - деп атап өтті.
Сонымен қатар бүгінгі жәрмеңкеге қатысқан жас мамандарды кадрлық резервке тіркеу тапсырылды. Бұл бастама білім беру ұйымдарын болашақта білікті әрі әлеуетті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі жәрмеңке бір нәрсені анық көрсетті: жас маманға мүмкіндік берілсе, ауылға жаңа серпін келеді. Ал ауылға білімді, білікті, жігерлі жастар келсе — ауыл мектебінің де, ауылдың да болашағы жарқын болады.
Жас маманға мүмкіндік беру — ауылдың болашағына мүмкіндік беру. Ауылға келген әрбір жас — ел ертеңіне қызмет ететін жаңа буын!
Пайдалы ақпараттық ресурстар