13–14 тамыз күндері Қостанай қаласында «Адами капитал – өңірді дамытудың стратегиялық негізі: білім сапасы және жаңа оқу жылының басымдықтары» тақырыбында облыстық тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Маңызды жиынға Жангелдин ауданының педагогтері де белсенді қатысты. Аудандық делегация құрамында аудан әкімінің орынбасары Г. Ұзаққызы, білім бөлімінің басшысы Абай Қасымұлы және аудан педагогтері болды.
Облыстық кеңес – жаңа оқу жылындағы өңірлік басымдықтарды саралап, білім сапасын арттырудың нақты бағыттарын айқындаған маңызды алаң. Жиын барысында заманауи білім беру үрдістері мен жаңа мүмкіндіктер кеңінен назарға алынды. Қатысушыларды ерекше әсерге бөлеген жаңалықтардың бірі – сахнада дәстүрлі модератормен қатар көрінген жасанды интеллект негізінде жасалған Ұмай атты цифрлық виртуалды жүргізуші. Бұл – технологияның білім беру саласына еніп қана қоймай, оның жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырып келе жатқанының айқын көрінісі.
Тамыз кеңесі Жангелдин ауданының білім саласы үшін де қуанышты жаңалықпен есте қалды. Қаратүбек жалпы білім беретін мектебі КММ-сінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Дайырова Әсем Қамалқызы Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ұстаз еңбегінің осындай жоғары деңгейде бағалануы – аудан педагогтері үшін үлкен мәртебе әрі кәсіби ізденіске жаңа серпін беретін маңызды қолдау.
Облыстық кеңестен аудан делегациясы жаңа оқу жылына ортақ мақсатпен, жоғары жауапкершілікпен және сапаға бағытталған нық ұстаныммен оралды. Өйткені білім сапасы – бір күнде қалыптасатын нәтиже емес, күн сайынғы ізденіс, үздіксіз еңбек және ортақ жауапкершіліктің жемісі.
Жаңа оқу жылы – жаңа міндеттер ғана емес, жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Ал сол мүмкіндікті нәтижеге айналдыратын – ізденімпаз ұстаз, қолдаушы орта және болашаққа сеніммен қадам басатын білімді ұрпақ.
Жангелдин ауданының педагогтері жаңа оқу жылын жаңа идеялармен, биік мақсаттармен және үлкен жауапкершілікпен қарсы алуға дайын! Біздің мақсат – сапалы білім, саналы ұрпақ және жарқын болашақ!

