Тамыз кеңесі: білім сапасы мен жаңа оқу жылының басымдықтары талқыланды
21 тамыз күні аудандық Тамыз кеңесінің екінші күні пленарлық мәжіліспен жалғасты. Пленарлық мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Алматов Еренбол Қайырбекұлы модераторлық етті.
Жиында Жангелдин ауданының білім бөлімінің басшысы Қасым Абай Қасымұлы «Жаңа халықтық Конституция құндылықтары негізінде сапалы білім мен адами капиталды дамыту: Жангелдин ауданының білім жүйесінің 2026–2027 оқу жылындағы басым міндеттері» тақырыбында негізгі баяндама жасады. Баяндамада жаңа оқу жылында ауданның білім беру жүйесі алдында тұрған басым міндеттер, сапалы білім беру мен адами капиталды дамыту бағыттары сөз болды.
Пленарлық мәжілісте Қостанай облысы орта білім беру бөлімінің бас маманы Сейдахметова Бәтима Мұхамбетқалиевна «Сапалы білім – адами капиталды дамытудың басты құндылығы», «Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ-сінің директоры Әбдіғапар Айгүл Марқабайқызы «Нәтижелі мектеп: сапалы білім, кәсіби педагог, табысты оқушы» тақырыптарында сөз сөйледі. «Шоқан Уәлиханов атындағы Торғай жалпы білім беретін мектебі» КММ-сінің биология пәні мұғалімі Смайлова Рсалды Кадиржановна «Жаңа дәуір мұғалімі: технология, тәжірибе және адами құндылықтар» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті.
Пленарлық мәжілісте аудан әкімі Бидашев Дінмұханбет Сериковичтің «Білімге салынған инвестиция: сапалы орта, тең мүмкіндік және басқарушылық жауапкершілік» тақырыбындағы баяндамасына ерекше мән берілді. Баяндамада білім саласын дамытудағы үш маңызды бағыт – сапалы білім беру ортасын қалыптастыру, білім алушыларға тең мүмкіндік жасау және басқарушылық жауапкершілікті күшейту өзара сабақтастықта қарастырылды. Білімге бағытталған инвестицияның нәтижесі тек материалдық жағдаймен шектелмей, оқушының сапалы білім алуына жасалған мүмкіндік пен білім беру ұйымдарындағы жауапты басқарумен ұштасуы қажеттігі тақырыптың негізгі өзегін құрады.
Алқалы жиынның қорытындысы марапаттау рәсіміне ұласты. Білім саласындағы нәтижелі еңбегі үшін педагогтер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Қостанай облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Жыл ішінде нәтижелі еңбек етіп, кәсіби жетістіктерімен ерекшеленген 10 ұстазға «Жыл үздігі» атағы табысталды. «Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ-сі «Үздік ұйым – 2026» атағын иеленді. Барлық марапат иелеріне салалық кәсіподақ ұйымы ақшалай ынталандыру сыйлықтарын табыстады.
Тамыз кеңесінің пленарлық мәжілісі ауданның білім беру саласындағы атқарылған жұмыстарды саралап, жаңа оқу жылындағы міндеттерді айқындаған маңызды басқосу болды. Сапалы білім беру ортасын қалыптастыру, әр балаға тең мүмкіндік жасау, педагогтің кәсіби әлеуетін арттыру және басқарушылық жауапкершілікті күшейту – алдағы жұмыстың негізгі бағыттары ретінде айқындалды.
https://bb-dzhangeldi.edu.kz/janaliktar-basti-oral/9903-tamyz-ke-esi-bilim-sapasy-men-zha-a-o-u-zhylyny-basymdy-tary-tal-ylandy.html#sigFreeId2472b0b946

