“Жаңашыл мұғалім”-2025
2025 жылдың 30 қазан күні Қостанай қаласында дәстүрлі түрде өткізілетін қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімдерінің облыстық «Жаңашыл мұғалім – 2025» байқауы өз мәресіне жетті. Бұл байқау
жыл сайын өткізіліп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні ұстаздарының шығармашылық әлеуетін, кәсіби
шеберлігін және педагогикалық жаңашылдығын айқындайтын маңызды алаңға айналып келеді.
Байқаудың басты мақсаты – инновациялық педагогикалық тәжірибені анықтау, бағалау және озық
педагогикалық идеяларды облыс аумағында кеңінен насихаттау. Биылғы додаға Қостанай
облысының түкпір-түкпірінен келген 18 талантты педагог қатысып, өздерінің әдістемелік
ізденістерін, жаңашыл идеялары мен шығармашылық жобаларын ұсынды. Жангелдин ауданының
атынан қатысқан Шеген ауылындағы Аманкелді жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі, жас маман Жақсылық Сәнімгүл Сәкенқызы байқауда үздік шығып, Бас
жүлдені иеленді.
Жас педагогтың бұл жетістігі аудан ұстаздарының кәсіби деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте
дәлелдеді. Бар болғаны екі жылдық еңбек өтілі бар Сәнімгүл Сәкенқызы — жоғары оқу орнын
үздік дипломмен тәмамдап, туған ауылына оралып, білім беру ісіне өзіндік үлесін қосып жүрген
білікті маман. Қызметке кіріскен аз уақыт ішінде ол өзінің ізденімпаздығымен, оқыту
әдістемесіндегі жаңашылдығымен және оқушыларымен орнатқан нәтижелі байланысымен
ерекшеленіп келеді. Өткен оқу жылында Сәнімгүл Сәкенқызының шәкірттері республикалық
«Мағжан оқулары» және халықаралық деңгейдегі «Абай оқулары» байқауларда жүлделі
орындарды иеленсе, кеше ғана өткен «Ауыл» олимпиадасының облыстық кезеңінде шәкірті
Жақсылық Інжумаржан жүлдегер атанып, ұстаз еңбегінің жемісін айқын көрсетті. Мұндай
жетістіктер жас маманның кәсіби шеберлігінің, еңбексүйгіштігінің және білімге деген
жауапкершілік көзқарасының айғағы. Өткен жылында осы байқауға Шоқан Уәлиханов атындағы
жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гилмуханова Гүлфайруз
қатысып, жүлделі III орынды иеленген болатын. Бұл – Жангелдин ауданының қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімдері жыл сайын облыстық деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқанын
айғақтайды.
Аудан мұғалімдері тек облыстық емес, республикалық деңгейдегі Абай, Мұқағали, Әбіш,
Махамбет оқулары, сондай-ақ «Ақберен» және «Жарқын болашақ» сияқты беделді
олимпиадаларда жүлдегер дайындап жүр. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің осындай
толайым табыстары — ауданның білім сапасын арттырудағы маңызды көрсеткіш әрі жас
педагогтарға шабыт берер үлгі.
Жеңімпаз ұстаз Сәнімгүл Сәкенқызындай жастардың ауыл мектептерінде қызмет етіп, туған
жерінің өркендеуіне үлес қосуы — ұлт болашағының жарқын болуына кепіл. Ол тек өз пәнін сүйіп
қана қоймай, шәкірт жүрегіне рухани нәр сіңіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде еңбек етіп
жүрген ұстаздардың жаңа буынын қалыптастырып отыр. Жангелдин аудандының білім бөлімі
барлық педагогтер атынан жас маманды осы зор жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс,
кәсіби биіктер тілейді.
View the embedded image gallery online at:
https://bb-dzhangeldi.edu.kz/ru/t-gy/adistemeli-zh-mys.html#sigFreeId070cf71802
https://bb-dzhangeldi.edu.kz/ru/t-gy/adistemeli-zh-mys.html#sigFreeId070cf71802

