Бүгін Қостанай қаласында өткен «Мұқағали оқулары», «Ілияс оқулары» және «Шәкәрім оқулары» республикалық байқауының облыстық кезеңінде Жанкелдин ауданының оқушылары зор жетістікке қол жеткізіп, аудан мерейін үстем етті. Ең алдымен, «Мұқағали оқулары» байқауындағы нәтижелерге тоқталсақ. «Дариға, домбырамды берші маған» атты Мұқағали Мақатаев сөзіне жазылған әндерді орындау номинациясында Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Талғатқызы Мерей жүлделі ІІІ орынды иеленді (жетекшісі – Бекетова Елгүл Маликовна). Ал «Айтып өткен ақында арман бар ма?» атты Мұқағали шығармаларын жатқа оқу номинациясында А.Қоңқабаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Құрманғали Сабина жүлделі ІІ орынды иеленді (жетекшісі – Уалина Гүлнара). Сондай-ақ «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» атты жас ақындар номинациясында Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Молжігіт Жанболат Мәдиұлы жүлделі І орынды жеңіп алып, республикалық кезеңге жолдама алды (жетекшісі – Серикбаева Әсем Қыстаубаевна). «Мұқағали оқуларындағы» жеңісті жолды «Ілияс оқулары» байқауына қатысушылар лайықты жалғастырды. «Ілияс – қара сөз шебері» номинациясында Шоқан Уәлиханов атындағы Торғай жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Ибраев Данияр ІІІ орын иеленді (жетекшісі – Кенжеғали Сымбат). «Заманның заңғар тұлғасы» буктрейлер жасау байқауында осы мектептің 10-сынып оқушысы Серікбол Мадина ІІ орын алды (жетекшісі – Кенжеғали Сымбат). «Сұлу сөздің сүлейі» номинациясында Аманкелді жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Жақсылық Інжу-Маржан ІІ орын иеленді (жетекшісі – Жақсылық Сәнімгүл). «Ілияс – эпик ақын» номинациясы бойынша Қаратүбек жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Төлеген Сезім жүлделі І орынды жеңіп алды (жетекшісі – Дайырова Әсем). Ал «Жаз! Жаз! Қалам жорғалап!» номинациясында Шоқан Уәлиханов атындағы Торғай жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Ниязбек Таңжарық І орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды (жетекшісі – Кенжеғали Сымбат). Ал «Шәкәрім оқулары» байқауында Аманкелді жалпы білім беретін мектебінің 6-сынып оқушысы Жақсылық Бақтылы жүлделі І орынды жеңіп алып, республикалық кезеңге жолдама иеленді (жетекшісі – Жақсылық Сәнімгүл).
Бүгінгі күн – Жанкелдин ауданының білім саласы үшін қуанышты да мерейлі күн болды. Жас дарындардың таланты мен ұстаздардың тынымсыз еңбегі тағы бір мәрте жемісін берді. Әрбір жетістік – үлкен еңбектің, табандылықтың және сенімнің нәтижесі. Енді алда республикалық кезеңге жолдама алған төрт жүлдегер оқушымызға үлкен сенім артамыз. Оларға сәттілік пен шабыт тілеп, ауданымыздың абыройын асқақтатып, биік белестерді бағындырады деп сенеміз!


