Бүгін Жангелдин ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен ұлы ойшыл, хакім Абай Құнанбайұлының шығармашылығын насихаттауға арналған дәстүрлі «Абай оқулары» байқауы өтті. Ауқымды шара Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінде ұйымдастырылып, 5 номинация бойынша өткізілді.Байқау барысында оқушылар Абай шығармаларын жатқа оқу, ақын шәкірттерінің мұрасын насихаттау, ән орындау, авторлық өлең оқу және Абай бейнесін әдеби тұрғыдан талдау бағыттарында өз білімдері мен өнерлерін көрсетті. Қатысушылардың дайындығы, сахна мәдениеті, көркем оқу шеберлігі мен терең талдауы қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды. Байқау «Абайдың асыл мұрасы»; «Абайдың ақын шәкірттері»; «Әнді сүйсең менше сүй»; «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы»; «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» номинациялары бойынша өтті. Жалпы, аудандық кезеңге 38 оқушы қатысып, үздіктер анықталды. Бірінші орын иеленіп, облыстық кезеңге төмендегі оқушылар жолдама алды: «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі»номинациясы бойынша Қ.Қайдосов мектебінің 11-сынып оқушысы Асыланқызы Кәусар (жетекшісі: Ералина Асем); «Абайдың асыл мұрасы» номинациясы бойынша Ғ.Кайырбеков мектебінің оқушысы Қайыржан Нұрдаулет (жетекшісі: Мукашова Фарида), «Абайдың ақын шәкірттері» номинациясы бойынша Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Қосылбек Айша (жетекшісі: Бекетова Елугүл), «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» номинациясы бойынша Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Тәжиева Гүлім (жетекшісі Есекеева Әйгерім).
Бұл байқау – жас ұрпақтың Абай мұрасына деген құрметін арттырып, әдебиетке деген қызығушылығын тереңдететін маңызды алаң. Аудандық кезең жеңімпаздарына алдағы облыстық кезеңде сәттілік тілейміз. Жас дарындардың биіктерді бағындырып, ел мерейін асқақтатарына сенім мол!


