07 Қырқ 2026
Жетістіктер

Ерік Наргиз Айдынқызы – білім мен спортты қатар алып жүрген

Жангелдин ауданы білім бөлімінің Н.Г.Иванов атындағы жалпы білім беретін мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Ерік Наргиз Айдынқызы – білім мен спортты қатар алып жүрген, ауданымыздың мақтанышына айналған дарынды жас. Мектеп қабырғасында оқып жүрген жылдарында ол өз қабілеті мен табандылығының арқасында түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Наргиз математика пәнінен оқушылар арасындағы рейтингтік олимпиадада жүлдегер атанып, «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының өңірлік кезеңінде ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар, республикалық деңгейдегі беделді iQanat олимпиадасының екінші кезеңінің финалисті болды. Ғылыми ізденіске ерекше қызығушылық танытқан шәкірт биология пәні бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсында 2023, 2024 және 2025 жылдары жеңімпаз атанып, өзінің зерттеушілік қабілетін дәлелдеді. «Мамандықтар әлемін ашамыз» фестивалінде де жүлделі ІІ орынға ие болды. Наргиз тек білім саласында ғана емес, спортта да биік жетістіктерге жетті. Тоғызқұмалақтан Қостанай облысының 15–21 жас аралығындағы жастар арасындағы блиц чемпионатында қыздар арасында ІІ орын алып, облыстық әйелдер арасындағы блиц турнирінде де күміс жүлдегер атанды. Бүгінде ол тоғызқұмалақтан спорт шеберлігіне кандидат. Осындай жетістіктері арқылы Ерік Наргиз Айдынқызы білімге деген құштарлықтың, еңбекқорлық пен мақсаткерліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Жас түлекке алдағы өмір жолында толағай табыс, биік белестер мен жаңа жеңістер тілейміз!

Пайдалы ақпараттық ресурстар